Бүгінгі күні өнеге ұрпақ тәрбиелуеде заманауи білім берумен қатар, баланың рухани мәдениетін арттырып, дүние танымын қалыптастыруда мектептің үлесі орасан зор. Орталықтың ұрпақтар сабақтастығына арналған жұмысы осындай мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған. Көне көз қарияларымызбен жас буын арасында қарым-қатынас қалыптастырып, оқушыларды орталық өміріне қатысуға ықпал ету және олардың бос уақытын ұйымдастыру басты мақсат. Осы мақсатта Сарыарқа ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушылары үшін ашық есік күні өткізілді. Оқушылар әр үйірме жұмысымен танысып, қызығушылық танытып, сұрақтарына жауап алып, бірге ән айтып, би билеп, жақсы әсер алып, алғыстарын білдірді. Бұл кездесуде аға буын мен жас буын түрлі тақырыптарда ой қозғады. Қариялар оқушыларға отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлер жөнінде өсиет айтса, жастар үлкендерге электронды гаджеттерді пайдалануды үйретті. Ұрпақтар сабақтастығы – бұл қарттар мен жастардың ашық ой алаңына айналуда. Оқушылармен жұмыс жасау егде жастағы адамдар үшін бір ғанибет. Екі жақ та нағыз рухани демалысты осындай жұмыстан табады.