Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Зейнеткерлерді әлеуметтік қызмет көрсету шараларымен қамтамасыз ету» тақырыбында Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаев брифинг өткізді.
Қазіргі уақытта Елордада «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарында 4 филиал жұмыс жасауда. Ағымдағы жылдың 3-ші тоқсанында «Нұра» ауданында 5- ші филиалды ашу жоспарлануда. Орталықта 27 түрлі бағыттағы секциялар жұмысы ұйымдастырылған, жаттығу залы, компьютерлік сынып, вокал, шығармашылық шеберлікпен айналысуға арналған зал жабдықталған, мәдени іс-шаралар (поэтикалық кештер, кітаптардың тұсаукесерлері және т.б.) тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сарыарқа ауданының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (ФОК) фитнес, теннис, волейбол секциялары және қалашықтар ойыны ашылды. 2023 жылдың 1 тоқсанында 1344 адам тіркеліп, келушілер саны 55108 адамды құрады. Күн сайын Орталықтың төрт ауданындағы филиалына күніне 900 адам немесе айына 22293 адам келеді.